Негізгі мазмұнға өту
Express Credit ломбарды
Басты бет АртықшылықтарНе қабылдаймызЗергерлік салонЕсептеуБайланыс Біз туралы Рус +7 707 484 06 84

Микрокредит беру қағидасы

«ЛОМБАРД EXPRESS CREDIT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«ЛОМБАРД EXPRESS CREDIT» ЖШС жалғыз қатысушысының шешімімен бекітілген: 24.10.2026 № 3. Ломбардтың интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Мәтіндер қазақ және орыс тілдерінде бірдей заңдық күшке ие. Орысша

1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1. Осы Қағида Қазақстан Республикасының «Микроқаржылық қызмет туралы» 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңына (бұдан әрі – Заң), оның ішінде Заңның 3-1-бабына, АРРФР Басқармасының 15.05.2026 ж. № 92 қаулысымен бекітілген және 21.07.2026 ж. қолданысқа енгізілген Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптарға (бұдан әрі – АРРФР Талаптары), АРРФР Басқармасының 28.04.2026 ж. № 84 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 ж. № 51 «Қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» бірлескен қаулысына, АРРФР Басқармасының 30.06.2026 ж. № 101 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 30.06.2026 ж. № 79 бірлескен қаулысымен енгізілген өзгерістерді ескере отырып әзірленді және Ломбардта микрокредит берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2. Қағиданың көшірмесі «ЛОМБАРД EXPRESS CREDIT» ЖШС (бұдан әрі – «Ломбард») филиалдарының клиенттеріне қызмет көрсету аймағында, оның ішінде Ломбардтың www.expresscredit.kz интернет-ресурсында орналастырылады.

3. Микрокредит беру туралы шартты және кепілдік билетін (бұдан әрі – «Микрокредит шарты») ресімдеу 18 жасқа толған тұлғаға жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде ғана жүзеге асырылады. Микрокредит беру туралы шарт жасауға Ломбардтың кепілдік билетін беруі теңестіріледі.

4. Ломбард құқылы:

1) Қарыз алушыдан Шартты жасау үшін қажетті мәліметтерді — тіркеу мекенжайын, нақты тұратын мекенжайын, байланыс деректерін сұратуға;

2) Қарыз алушының келісімімен дербес деректерді жинауға, сақтауға, өңдеуге, ақпаратты кредиттік бюроға және ішкі істер органдарына беруге, кепілзат затын соттан тыс тәртіппен сатуға, хабарламаларды, оның ішінде мерзімі өткен берешек туралы хабарламаларды SMS, Ломбардтың абоненттік нөмірінен WhatsApp мессенджері, электрондық пошта, телефон байланысы арқылы жіберуге, сондай-ақ оларды қағаз жеткізгіште тапсыруға; хабарламаларды Ломбард Қарыз алушының дербес деректерін жаппай тарату сервистеріне бермей, өзі жібереді;

3) Заңның 9-1-бабында көрсетілген тұлғаларға Микрокредит шарты бойынша құқықты (талапты) беруге. Жеке тұлғамен жасалған, жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілмеген Шарт бойынша құқықты (талапты) беру, Заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, міндеттемені орындау мерзімін қатарынан 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен астам өткізіп алған кезде ғана жол беріледі. Басқаға беру шарты жасалғанға дейін Ломбард Қарыз алушыны, оның ішінде басқаға беруге байланысты оның дербес деректерін өңдеу және беру туралы хабардар етеді.

Ломбард міндетті:

1) басқаға беру шарты жасалғанға дейін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес Шарт бойынша Қарыз алушы — жеке тұлғаны кредитор құқықтарын (талаптарын) үшінші тұлғаға берудің жоспарланып отырғаны, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты Қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні (берілетіні) туралы Шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ цифрлық объектілер арқылы хабардар етуге; құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға өтіп кеткені туралы Қарыз алушыны (оның уәкілетті өкілін) Шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ цифрлық объектілер арқылы басқаға беру шарты жасалған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде, одан әрі төлемдерді жаңа кредиторға жүзеге асыру қажеттілігін, жаңа кредитордың не сервистік компанияның атауын, орналасқан жерін және банктік деректемелерін, берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, берешектің мөлшері мен құрылымын көрсете отырып хабардар етуге;

2) мерзімін өткізіп алу туындаған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмей, Шартта көзделген тәсілмен Қарыз алушыны хабардар етуге (Заңның 9-2-бабының 1-тармағы; цифрлық объектілер арқылы қосымша хабардар ету талабы ломбардтарға қолданылмайды, мұндай хабарлама қосымша жіберілуі мүмкін):

➢ мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдерді төлеу қажеттігі туралы;

➢ Шарт бойынша Қарыз алушының Ломбардқа жүгіну құқығы туралы;

➢ міндеттемелерін орындамаудың салдарлары, оның ішінде Ломбардтың кепілзат затын соттан тыс сату құқығы туралы.

3) Қарыз алушының өтінішін алған күннен кейін 15 күнтізбелік күн ішінде қарауға және жазбаша нысанда: келісімі / ұсыныстары / дәлелді бас тартуы туралы хабарлауға;

4) жақсарту шарттарын қолданған кезде Шарттың шарттарының өзгергені туралы хабардар етуге;

5) негізгі борыш пен сыйақы мерзімнің соңында біржолғы төлеммен өтелетін микрокредиттерді, сондай-ақ кредиттік желі түрінде берілетін микрокредиттерді қоспағанда, тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесін Шартқа қоса беруге.

5. Қарыз алушы құқылы:

1) Ломбардпен Шарт жасалғанға дейін осы Қағидамен, Ломбардтың тарифтерімен танысуға;

2) алынған микрокредитке өз қалауы бойынша билік етуге;

3) кепілдік билеттері тізілімінің данасын, «Менің шартым» бөлімінде Микрокредит шартына, кепілдік билетіне және КИД-ке қол жеткізуді, ал талап етуі бойынша — олардың қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін өтеусіз алуға (осы Қағиданың 6-бөлімі);

4) Ломбард мерзімін өткізіп алу туралы хабарламаны жіберген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде Шарт талаптарына өзгерістер енгізу туралы жазбаша өтінішпен Ломбардқа жүгінуге, оның ішінде: сыйақы мөлшерлемесін азайту; төлемді кейінге қалдыру; берешекті өтеу әдісін/кезектілігін өзгерту; микрокредит мерзімін өзгерту; борышты кешіру; кепілзат затын беру арқылы шегінбені ұсыну;

5) Ломбард бас тартқан не өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда — Ломбардтың шешімін алған күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде Ломбардты бір мезгілде хабардар ете отырып, микроқаржылық омбудсманға жүгінуге (Заңның 9-2-бабының 4-тармағы). 01.01.2027 ж. бастап өтініш Ломбардтың шешімін алған күннен бастап үш ай ішінде қаржылық омбудсманға беріледі;

6) ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (АРРФР) шағыммен жүгінуге;

7) даулы жағдайлар туындаған кезде Ломбардқа жазбаша хабарласуға.

Қарыз алушы міндетті:

1) Шартты жасау кезінде Ломбардқа қолданыстағы ұялы телефон нөмірін хабарлауға;

2) ұялы телефон нөмірі өзгерген күннен бастап 2 күннен кешіктірмей жаңа нөмірді жазбаша хабарлауға;

3) «Менің шартым» бөліміне кіру кодын үшінші тұлғаларға хабарламауға.

6. Кепілзат заты металл, отқа төзімді, сындыруға төзімді сейфтерде күзет және өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, құлыппен жабылатын есігі бар оқшауланған үй-жайда сақталады. Кепілзат затын сақтау жеке ақы алынбай жүзеге асырылады: Ломбардтың сақтауға арналған шығыстары сыйақы мөлшерлемесіне енгізілген.

7. Ломбард кепілзат затының жоғалғаны үшін оның бағалау құны мөлшерінде, ал бүлінгені үшін — егер жоғалту немесе зақымдану еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, осы құн төмендеген сома мөлшерінде жауапты болады.

8. Ломбард Қарыз алушы ұсынған байланыс деректерінің дұрыс еместігі, сондай-ақ олардың өзгергені туралы уақтылы жазбаша хабарламағаны салдарынан хабарламалардың алынбағаны үшін жауапты болмайды.

9. Ломбард Ломбардта микрокредит беру құпиясына кепілдік береді. Ломбардта сақталатын дербес деректер, микрокредит сомасы, кепілзат заты туралы ақпарат құпия болып табылады және ҚР заңнамасында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, ашуға жатпайды. Мыналар құпияны бұзу болып табылмайды: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мәліметтерді кредиттік бюроға, уәкілетті мемлекеттік органдарға және өзге де тұлғаларға беру; 2) онлайн төлемге қызмет көрсететін банкке (төлем ұйымына) (осы Қағиданың 19-1-тармағы) тапсырыс нөмірін, төлем сомасы мен мақсатын (кепілдік билетінің нөмірі және ұзарту мерзімі) беру — бұл ретте Қарыз алушының тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН-і және кепілзат затының тізімдемесі берілмейді. Ломбард кепілзат заттарының фотосуреттерін салыстыру және өтініштерге жауаптардың жобаларын дайындау үшін жасанды интеллект негізіндегі сервистерді, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан сервистерді пайдалануға құқылы. Мұндай сервистерге адамдар мен құжаттардың бейнесі жоқ, кепілдік билетінің нөмірі және түсірілген жері туралы мәліметтер жоқ кепілзат заттарының фотосуреттері, сондай-ақ иесіздендірілген мәтіндер ғана беріледі; микрокредит беру құпиясын құрайтын мәліметтер мұндай сервистерге берілмейді. Шарт бойынша шешімдерді және өтініштерге жауаптарды Ломбард қызметкерлері қабылдайды және оларға қол қояды; Қарыз алушының сұрауы бойынша Ломбард оның өтінішін қарау кезінде мұндай сервистің пайдаланылғанын хабарлайды.

10. Қарыз алушы кепілдік билеттерінің тізіліміне (осы Қағиданың 6-бөлімі) қол қоя отырып, осы Қағиданың және Микрокредит шартының талаптарымен келіседі.

2. МИКРОКРЕДИТ БЕРУ ТӘРТІБІ, ШЕКТІ СОМАЛАР МЕН МЕРЗІМДЕРІ

11. Өтініш берушінің ауызша өтініші негізінде Ломбард қызметкері микрокредит берудің түрлері мен шарттары бойынша толық ақпарат береді. Тараптардың келісімі бойынша Микрокредит шарты жасалады.

11-1. Шарт жасалғанға дейін Ломбард: 1) Өтініш берушіге қаржы өнімінің негізгі шарттарын қамтитын негізгі ақпараттық құжатты (КИД) ұсынады; 2) Микрокредит шартының және кепілдік билетінің мәтінін жеке талаптарымен осы Қағиданың 6-бөлімінде белгіленген тәртіппен танысу үшін ұсынады; 3) АРРФР Талаптарында және Ломбардтың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен микрокредиттің Өтініш берушінің мүдделеріне, қаржылық жағдайы мен мүмкіндіктеріне сәйкестігін (жарамдылығын) бағалауды жүргізеді; 4) Өтініш берушіні оның құқықтары мен міндеттері, міндеттемелерді орындамаудың салдарлары, микроқаржылық омбудсманға және АРРФР-ға жүгіну құқығы туралы хабардар етеді.

11-2. Ломбард клиентті қызмет көрсетудің барлық кезеңдерінде ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді: Шарт жасалғанға дейін консультация беру, Шарттың қолданылу кезеңінде және мерзімін өткізіп алу туындаған кезде хабардар ету.

12. Микрокредит шарты ҚР азаматтық заңнамасының мәміленің жазбаша нысанына қойылатын талаптары ескеріле отырып жасалады және уәкілетті органның нормативтік актісінде белгіленген міндетті талаптардың тізбесін қамтиды. Микрокредит шарты осы Қағиданың 6-бөлімінде белгіленген тәртіппен: Қарыз алушы мен Ломбардтың микрокредиттің жеке талаптарын қамтитын кепілдік билеттерінің тізіліміне қағаз жеткізгіште қол қоюы және Қарыз алушының электрондық нысандағы Микрокредит шартының талаптарына қосылуы арқылы жасалады (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 152 және 389-баптары).

13. Микрокредит шарты бойынша ақпарат мемлекет қатысатын кредиттік бюроға міндетті түрде берілуге тиіс.

14. Теңгемен берілген Микрокредит шарты бойынша міндеттемелер мен төлемдерді кез келген валюталық баламаға байланыстыра отырып индекстеуге жол берілмейді.

15. Ломбард Қарыз алушы үшін жақсартылған жағдайларды қоспағанда, Микрокредит шартының шарттарын біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ. Жақсарту: 1) тұрақсыздық айыбын азайту немесе жою; 2) сыйақы мөлшерлемесін азайту.

16. Азаматтарға мақсатсыз микрокредит беру жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлік болып табылатын алтыннан жасалған зергерлік және өзге де бұйымдарды, олардың бөліктерін (сынықтарын) 333-тен 999 сынамаға дейін кепілзатқа салу арқылы жүргізіледі (Заңның 3-бабы).

17. Микрокредит сомасы кепілзат затын бағалау негізінде (сынамасы, қоспасыз салмағы, Ломбард тарифтері бойынша 1 грамның бағасы) тараптардың келісімі бойынша айқындалады. Ломбард тарифтерімен Қарыз алушылардың жекелеген санаттары үшін кепілзат затының 1 грамын жоғарылатып бағалау белгіленуі мүмкін; Қарыз алушылардың санаттары мен жоғарылату мөлшерін Ломбард басшысының бұйрығы бекітеді. Микрокредиттің ең жоғары сомасы — 8 000 АЕК.

18. Микрокредит беру мерзімі — микрокредит берілген күннен бастап 45 күнтізбелік күнге дейін. Микрокредитті пайдаланғаны үшін сыйақыны Қарыз алушы тараптардың келісімі бойынша мынадай тәсілдердің бірімен төлейді: а) алдын ала төлем (предоплата) — микрокредиттің бүкіл мерзімі үшін сыйақы сомасы микрокредит берілген кезде Ломбард ұстап қалады. Алдын ала төлем кезіндегі сыйақы мөлшерлемесі Ломбард тарифтерімен ЖТСМ-ның шекті мәнін (осы Қағиданың 26-тармағы) сақтауды қамтамасыз ететін мөлшерде кейінгі төлем кезіндегі мөлшерлемеден төмен белгіленеді. Кепілдік билетінде: микрокредит сомасы, ұсталған сыйақы сомасы және Қарыз алушыға қолма-қол берілген сома көрсетіледі; б) кейінгі төлем (постоплата) — сыйақы микрокредитті өтеу кезінде микрокредитті нақты пайдаланған күндер саны үшін Қарыз алушы төлейді. Сыйақы берілген кезде ұсталған (алдын ала төлем) микрокредитті мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, Ломбард микрокредитті нақты пайдаланған күндер саны үшін сыйақыны қайта есептейді және ұсталған мен нақты есептелген сыйақы арасындағы айырманы Қарыз алушыға қайтарады. Шарт бойынша операцияларды жүргізу орны осы Қағиданың 21-тармағымен айқындалады. Микрокредитті өтеу әдісі — Қарыз алушының қалауы бойынша бір жолғы төлеммен немесе ішінара. Егер тараптар өзгеше келіспесе, кейінгі төлем қолданылады. Ломбард директорының бұйрығымен бекітілетін және Ломбардтың интернет-ресурсында орналастырылатын Ломбард тарифтерімен микрокредит мерзімдері және сыйақыны төлеу тәсілдері бойынша ЖТСМ шекті мәннен аспайтын сыйақының шекті мөлшерлемелері белгіленеді; нақты микрокредит бойынша мөлшерлеме берілген кезде тарифтік мөлшерлемеден аспайтын мөлшерде белгіленеді және кепілдік билеттерінің тізілімінде және кепілдік билетінде көрсетіледі.

18-1. Жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілзатқа сала отырып, 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде берілетін микрокредиттер бойынша Кепілдік билетінде № 92 қаулымен бекітілген Талаптардың 5-қосымшасы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген талаптар бекітіледі: 1) микрокредит сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу міндеттемесін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері әрбір мерзімі өткен күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,3%-ынан аспайды; 2) Қарыз алушының Шарт бойынша барлық төлемдері, оның ішінде сыйақы мен тұрақсыздық айыбы, микрокредит нысанасын қоспағанда, жиынтығында Шарттың бүкіл қолданылу кезеңі үшін берілген микрокредит сомасының жартысынан аспайды; 3) тараптардың келісімі бойынша Шарттың мерзімін қолданыстағы немесе жақсартатын талаптармен 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуға жол беріледі.

19. Микрокредитті өтеу мерзімі тараптардың келісімі бойынша сыйақы төленген кезде ұзартылады: кейінгі төлем кезінде — микрокредитті пайдаланудың нақты өткен күндері үшін (мерзімі өткен болса — тұрақсыздық айыбымен қоса), бұл ретте жаңа мерзім ұзартылған күннен бастап есептеледі; алдын ала төлем кезінде — жаңа мерзім үшін сыйақы берілген кездегі мөлшерлемеден аспайтын мөлшерлеме бойынша алдын ала төленеді. Кепілдікті күту кезеңі жаңа өтеу мерзімінен бастап есептеледі. Микрокредитті ішінара өтеу өтеу мерзімін өзгертпейді. Ішінара өтеудің ең төменгі сомасы белгіленбейді. Ұзартуға осы Қағиданың 18-1-тармағының шектеулерін ескере отырып жол беріледі. Ұзартуға өтеу мерзімі өткеннен кейін де — кепілзат заты сатуға берілгенге дейін Кепілдікті күту кезеңі ішінде жол беріледі; бұл жағдайда ұзартумен бір мезгілде ұзарту күніне есептелген өтеу мерзімінен кейінгі микрокредитті пайдалану күндері үшін сыйақы және тұрақсыздық айыбы төленеді. Алдын ала төлем кезінде пайдаланылмаған күндер үшін алдын ала төленген сыйақы ұзарту төлеміне есептеледі, ал артық сома Қарыз алушыға қайтарылады. Филиалда ұзарту Шартқа орыс және қазақ тілдеріндегі қосымша келісіммен ресімделеді, оған Тараптар әр Тарапқа бір данадан екі данада қол қояды; электрондық көшірмесі «Менің шартым» бөлімінде қолжетімді болады. Ұзарту сондай-ақ осы Қағиданың 19-1-тармағында белгіленген тәртіппен онлайн ресімделуі мүмкін.

19-1. Микрокредитті өтеу мерзімі филиалға келмей, «Менің шартым» бөлімінде ұзартылуы мүмкін (бұдан әрі — онлайн ұзарту). Онлайн ұзарту Ломбард интернет-ресурста жариялаған күннен бастап ұсынылады және мынадай тәртіппен ресімделеді:

1) Қарыз алушы «Менің шартым» бөліміне ЖСН және кіру коды бойынша кіреді және ұзарту мерзімін — 10 күнтізбелік күннен бастап Шартта, осы Қағиданың 18-1-тармағында және Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген ең ұзақ мерзімге дейін таңдайды;

2) Ломбард Қарыз алушыға ұзарту туралы ұсынысты (офертаны) жібереді, онда: сыйақыға, оның ішінде өтеу мерзімінен кейінгі пайдалану күндері үшін сыйақыға, тұрақсыздық айыбына және алдын ала төленген сыйақыны есепке алуға бөлінген төленетін сома; жаңа өтеу мерзімі және Кепілдікті күту кезеңі; орыс және қазақ тілдеріндегі қосымша келісімнің мәтіні көрсетіледі. Оферта жіберілген сәттен бастап 60 минут қолданылады;

3) Қарыз алушының оферта қолданылатын мерзім ішінде онда көрсетілген соманы төлем картасымен, оның ішінде банктің төлем беті ұсынатын төлем тәсілдерімен төлеуі офертаны акцептеу болып табылады (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 396-бабының 3-тармағы). Бір төлемнің сомасы — 1 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін;

4) қосымша келісім Ломбард банктен сәтті төлем туралы растауды алған сәттен бастап жасалды, ал өтеу мерзімі ұзартылды деп есептеледі. Қосымша келісімді Ломбардтың ақпараттық жүйесі қалыптастырады және ол кепілдік билетінің жаңартылған талаптарымен (титул парағымен) және электрондық чекпен бірге «Менің шартым» бөлімінде орналастырылады; Қарыз алушы оларды қағаз жеткізгіште Ломбардтың уәкілетті қызметкерінің қолымен және Ломбардтың мөрімен Ломбардтың кез келген филиалында өтеусіз алуға құқылы;

5) егер: Шарт қолданылмаса немесе кепілзат заты сатуға берілсе; кепілзат заты бірнеше кепілдік билетімен ресімделсе; Шарт бойынша Қарыз алушының Заңның 9-2-бабы бойынша өтініші қаралып жатса; заң бойынша ұзартудың қалған мерзімі 10 күнтізбелік күннен аз болса; төлем күніне төленетін сома оферта сомасынан өзгеше болса, онлайн ұзарту жүргізілмейді. Бұл жағдайларда Қарыз алушыға Ломбард филиалына жүгіну ұсынылады, ал түскен ақша осы Қағиданың 19-3-тармағында белгіленген тәртіппен қайтарылады;

6) Ломбард ақпараттық жүйеде кіру және төлем күні мен уақытын, желілік мекенжайды, Қарыз алушыға көрсетілген есеп айырысуды және қосымша келісімнің мәтінін (бақылау сомасымен), банктің жауабын тіркейді және бұл мәліметтерді Шарт орындалғаннан кейін кемінде 5 жыл сақтайды.

19-2. Онлайн төлем кепілдік билетін ресімдеген Ломбард филиалында, оның ішінде филиалдың жұмыс емес күндері мен сағаттарында, төлем күнімен ескеріледі; бұл ретте кассалық ордер ресімделмейді. Төлем сомасына Ломбард Ломбардқа тіркелген бақылау-касса машинасының электрондық чегін қалыптастырады және оны «Менің шартым» бөлімінде орналастырады, ал Қарыз алушының электрондық пошта мекенжайы болған кезде — сол мекенжайға жібереді.

19-3. Егер онлайн төлем түсіп, ұзарту жүргізілмесе (осы Қағиданың 19-1-тармағының 5) тармақшасы), Ломбард түскен соманы банк растауын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ол төленген төлем картасына қайтарады. Жүргізілген онлайн ұзарту Ломбард есептеуде қате жіберген кезде не Тараптардың бұрынғы өтеу мерзімі басталғанға дейін жасалған келісімі бойынша ғана жойылады; жойылған кезде бұрынғы өтеу мерзімі қалпына келтіріледі, төленген сома келісім жасалған (қате анықталған) күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде толық қайтарылады, қайтару чегі ресімделеді, ал кредиттік бюроға берілген мәліметтер түзетіледі. Қайтарылған ақшаның картаға есепке алыну мерзімдерін картаны шығарған банк айқындайды.

20. Микрокредит мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап Қарыз алушыға ұзақтығы кемінде бір ай болатын Кепілдікті күту кезеңі (Кепілдік билетінде — «Кепілдік мерзімі») беріледі. Бұл кезеңде Ломбард микрокредитті нақты пайдаланған күндер саны үшін сыйақыны және осы Қағиданың 18-1, 26-1 және 26-2-тармақтарында белгіленген шектерде тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды) есептеуге құқылы, бірақ мерзімін өткізіп алудың қатарынан 90 күнтізбелік күнінен аспайтын мерзімге. Кепілдікті күту кезеңі өткенге дейін кепілзат затын сатуға жол берілмейді (ҚР Азаматтық кодексінің 328-бабының 3-тармағы).

21. Микрокредитті ішінара және толық мерзімінен бұрын өтеуге кез келген уақытта, кез келген сомада, шектеусіз және тұрақсыздық айыбын алмастан жол беріледі. Микрокредитті ішінара өтеу және сыйақыны төлеу, оның ішінде мерзімді ұзарта отырып, Ломбардтың кез келген филиалында, ал кепілзат затын қайтара отырып микрокредитті толық өтеу — кепілдік билетін ресімдеген Ломбард филиалында жүргізіледі. Мерзімді ұзарта отырып сыйақыны төлеу сондай-ақ онлайн жүргізілуі мүмкін (осы Қағиданың 19-1-тармағы); негізгі борышты онлайн өтеу жүргізілмейді.

22. Қарыз алушының сұрау салуы бойынша Ломбард сұрау салуды алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда не Шартта көзделген тәсілмен Ломбардқа төленген ақша сомасы, мерзімі өткен берешек мөлшері (бар болса), борыш қалдығы, кезекті төлемдердің мөлшері мен мерзімдері және кредит беру лимиті (бар болса) туралы мәліметтерді ұсынады. Қарыз алушының өтініші бойынша Ломбард айына бір реттен жиілетпей, 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде берешекті өтеу есебіне түсетін ақшаның бөлінуі туралы ақпаратты, ал толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеу туралы өтініш бойынша қажетті соманың есебін тегін береді. Берешек толық өтелгеннен кейін Ломбард Қарыз алушының өтініші бойынша өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде берешектің жоқ екені туралы анықтаманы тегін ұсынады.

23. Берешек болған жағдайда Қарыз алушы оны келесі кезектілікпен өтейді: 1) сыйақы бойынша берешек; 2) негізгі борыш бойынша берешек; 3) тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл); 4) Ломбардтың орындауды алу жөніндегі шығындары.

Ескерту: Заңның 6-бабының 1-1-тармағындағы кезектілік ломбард жасайтын шартқа қолданылмайды.

2-1. ПРОБЛЕМАЛЫҚ БЕРЕШЕКТІ РЕТТЕУ ТӘРТІБІ

23-1. Қарыз алушылардың — жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеу Заңның 9-2-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

23-2. Міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу болған кезде Ломбард Қарыз алушыны мерзімін өткізіп алу туындаған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмей, Шартта көзделген тәсілмен хабардар етуге міндетті (Заңның 9-2-бабының 1-тармағы). Хабарлама Қарыз алушыға қағаз жеткізгіште тапсырылады және (немесе) Қарыз алушы көрсеткен ұялы телефон нөміріне не электрондық пошта мекенжайына жіберіледі; хабарламаның тапсырылу немесе жіберілу фактісі Ломбардтың ақпараттық жүйесінде тіркеледі.

23-3. Ломбард Қарыз алушы — жеке тұлғаға Заңның 9-2-бабының 1-тармағында көзделген хабарламаны жіберген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Қарыз алушы Микрокредит шартының шарттарына өзгерістер енгізу туралы, мерзімін өткізіп алудың себептері мен расталған мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтінішпен Ломбардқа жүгінуге құқылы (Заңның 9-2-бабының 2-тармағы). Мерзімнің өтуі хабарлама жіберілген күннен кейінгі күннен басталады (ҚР АК 173-бабы). Өтініш Ломбардтың кез келген филиалында, поштамен не Ломбардтың info@expresscredit.kz электрондық пошта мекенжайына (Қарыз алушы қол қойған өтініштің скан-көшірмесі түрінде не оның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат түрінде) — Шартта көзделген тәсілмен беріледі (Заңның 9-2-бабының 2-тармағы). Электрондық пошта арқылы түскен өтінішті Ломбардтың уәкілетті қызметкері оқығаннан кейін тіркейді, ал Ломбард Қарыз алушыға сол мекенжайға алған күнін көрсете отырып, алғаны туралы растау жібереді. Қарау мерзімі өтініш алынған күннен бастап есептеледі.

23-4. Ломбард өтінішті алған күннен кейін 15 күнтізбелік күн ішінде қарауға және Қарыз алушыға жазбаша нысанда: келісімі, Шарт талаптарын өзгерту жөніндегі өз ұсыныстары немесе дәлелді бас тарту туралы хабарлауға міндетті. Ломбард қарсы ұсыныстар енгізген кезде талаптарды өзгерту туралы келісімге Қарыз алушы мұндай ұсыныстарды алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қол жеткізілуге тиіс; бұл мерзім тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін. Келісілген талап өзгерістері Шартқа орыс және қазақ тілдеріндегі қосымша келісіммен ресімделеді.

23-4-1. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын не төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайлардан зардап шеккен Қарыз алушы өтініш берген кезде Заңның 9-2-бабы 2-тармағының 1-1) және (немесе) 2) тармақшаларында көзделген өзгерістер кемінде үш ай мерзімге енгізіледі. Әлеуметтік осал топқа жататын Қарыз алушыға қатысты келісім туралы шешім оның өтініш берген айдың алдындағы екі ай үшін есептелген орташа айлық табысының алдыңғы он екі айдағы орташа айлық табысымен салыстырғанда 30%-дан астам төмендеуі не атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы шартымен қабылданады. Бұған қосымша Ломбард Қарыз алушының өтініші бойынша 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге төлемді кейінге қалдыруды беруге құқылы.

23-5. Қарыз алушының өтінішін қарау кезеңінде кепілзат затын сату, сондай-ақ аталған мүлікті Ломбардтың меншігіне өткізу жол берілмейді. Бұл кезеңде онлайн ұзарту жүргізілмейді; ұзарту және Шарт бойынша өзге де операциялар Ломбард филиалында жүргізіледі.

23-6. Ломбард Шарт талаптарын өзгертуден бас тартқан не өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, Қарыз алушы — жеке тұлға Ломбардтың шешімін алған күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде Ломбардты бір мезгілде хабардар ете отырып, микроқаржылық омбудсманға жүгінуге құқылы (Заңның 9-2-бабының 4-тармағы). 01.01.2027 ж. бастап өтініш Ломбардтың шешімін алған күннен бастап үш ай ішінде қаржылық омбудсманға беріледі. Сондай-ақ Қарыз алушы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен АРРФР-ға шағыммен жүгінуге құқылы.

23-7. Қарыз алушы — жеке тұлға Ломбардқа жүгіну құқығын пайдаланбаған жағдайда немесе Шарт талаптарын өзгерту бойынша келісімге қол жеткізілмеген кезде, Ломбард заңнамада және (немесе) Шартта көзделген шараларды, оның ішінде кепілзат затына соттан тыс тәртіппен өндіріп алуды қолдануға құқылы.

23-8. Шартта Ломбардтың коллекторлық агенттікті тарту құқығы көзделген жағдайда Ломбард мерзімі өткен берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге коллекторлық агенттікке беруге құқылы. Берешек берілген күні Ломбард бұл туралы Қарыз алушыны коллекторлық агенттіктің атауын, орналасқан жерін және борышкерлермен байланысуға арналған телефон нөмірлерін көрсете отырып, Шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ цифрлық объектілер арқылы хабардар етеді.

23-9. Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде Ломбард сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге, берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақы төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.

3. СЫЙАҚЫ МӨЛШЕРЛЕМЕЛЕРІНІҢ ШЕКТІ ШАМАЛАРЫ ЖӘНЕ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ

24. Микрокредитті пайдаланғаны үшін Қарыз алушы Микрокредит шартында белгіленген мөлшерде және мерзімде сыйақы төлейді.

25. 100 АЕК-тен (2026 жылы 432 500 теңге) асатын мөлшерде жеке тұлғамен жасалған Микрокредит шарты бойынша ЖТСМ 46%-дан аспайды (АРРФР Басқармасының 30.06.2026 ж. № 101 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 30.06.2026 ж. № 79 бірлескен қаулысымен енгізілген өзгерістерді ескере отырып).

26. АРРФР Талаптарының 5-қосымшасының 3-тармағына сәйкес келетін, 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде жасалған Шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесі күніне 0,3%-дан кем, ЖТСМ 179%-дан аспайды (АРРФР Басқармасының 30.06.2026 ж. № 101 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 30.06.2026 ж. № 79 бірлескен қаулысымен енгізілген өзгерістерді ескере отырып).

26-1. 100 АЕК-тен асатын мөлшердегі микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен төлем сомасынан есептеледі және әрбір күн үшін 0,5%-ынан, бірақ Шарттың қолданылуының әрбір жылы үшін берілген микрокредит сомасының 10%-ынан аспайды (Заңның 6-бабы). 100 АЕК-ке дейінгі микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының мөлшері осы Қағиданың 18-1-тармағымен айқындалады. Нақты мөлшері Шартта көрсетілген шектерде белгіленеді.

26-2. Жеке тұлғалармен жасалған, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес, мемлекеттік тіркеуге жатпайтын мүлік (оның ішінде алтыннан жасалған бұйымдар) кепілімен қамтамасыз етілген Микрокредит шарттары бойынша мерзімін өткізіп алудың қатарынан 90 (тоқсан) күнтізбелік күні өткеннен кейін сыйақы мен тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тоқтатылады; көрсетілген мерзімнен кейінгі кезең үшін есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбын талап етуге жол берілмейді.

27. Қарыз алушы Ломбардқа микрокредитті нақты пайдаланған күндер саны үшін сыйақы төлейді. Өтеу мерзімі берілген күнге микрокредит мерзімін күнтізбелік күндермен қосу арқылы айқындалады. Пайдалану күндерінің саны өтеу (ұзарту) күні мен берілген (алдыңғы ұзарту) күні арасындағы айырма ретінде айқындалады: берілген күн мен өтелген күн бірге пайдаланудың бір күнін құрайды; микрокредит берілген күні өтелген жағдайда сыйақы бір күн үшін есептеледі. Ұзарту кезінде жаңа мерзім осы Қағиданың 19-тармағында белгіленген тәртіппен есептеледі.

28. Ломбард микрокредитті пайдаланғаны үшін сыйақының жеңілдікті мөлшерлемесін белгілеуге құқылы, сыйақы мөлшері мен шарттары Микрокредит шартында көрсетіледі.

29. Ломбард микрокредиттерді жеңілдікті жағдайларда қайта қаржыландыруды жүзеге асырады, жеңілдікті мөлшерлеме мен өсімақы Микрокредит шартында көрсетіледі.

4. ЛОМБАРД ҚАБЫЛДАЙТЫН КЕПІЛЗАТ МҮЛКІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

30. Микрокредиттерді қамтамасыз ету үшін Ломбард алтыннан жасалған зергерлік және өзге де бұйымдарды, олардың бөліктерін (сынықтарын) 333-тен 999-ға дейін әрбір бұйым бойынша Шартты ресімдеу жолымен кепілзатқа қабылдайды (бұдан әрі — кепілзат заты).

31. Кепілзат затына қойылатын талаптар Ломбардтың ішкі нормативтік құжаттарымен айқындалады.

32. Кепілзат затын қабылдау кезінде Ломбард алтынның құрамын анықтау үшін әртүрлі талдау әдістерін қолдануға құқылы. Қарыз алушы сынақтан өткізуден бас тартса, Ломбард қабылдаудан бас тартуға құқылы.

33. Ломбард кредиттік бюрода банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтініші тіркелген адамға, сондай-ақ Өтініш беруші туралы мәліметтер терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға және (немесе) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбелерімен сәйкес келген кезде, сондай-ақ Ломбардтың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатындағы ішкі бақылау қағидаларында белгіленген мерзімдерде жаңартылған Өтініш берушіні тиісінше тексеру мәліметтері (клиенттің сауалнамасы) болмаған кезде микрокредит беруден бас тартады. Ломбард кепілзат затының талаптарға сәйкес келмеуі, Өтініш берушіні сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтер мен құжаттар ұсынылмауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша микрокредит беруден бас тартуға құқылы.

34. Микрокредит алған кезде Қарыз алушы кепілзат затын Ломбардқа береді. Ломбард Шарт мерзімі аяқталғанға дейін кепілзат затын пайдаланбайды және оған билік етпейді. Қайтару Қарыз алушыға нотариалды сенімхат болған кезде уәкілетті өкілге, сондай-ақ растайтын құжаттар ұсынылған кезде мұрагерлерге микрокредит сомасы, сыйақылар мен өзге де төлемдер толық өтелгеннен кейін жүргізіледі. Кепілзат заты оралады және кепілдік билетінің нөмірі бар пломба-затбелгімен мөрленеді. Пломба-затбелгі микрокредит берілген кезде бір рет басып шығарылады; қайта басып шығаруға (затбелгі кептелген немесе бүлінген кезде) Ломбард басшысы белгілеген тәртіппен жол беріледі, ол ақпараттық жүйеде тіркеледі, ал қайта басып шығарылған пломба-затбелгіде «ПОВТОРНО» (қайталанған) деген белгі қойылады. Кепілзат заты қайтарылған кезде Қарыз алушы қаптаманың және пломбаның тұтастығын тексереді және қайтару туралы белгіге қол қою арқылы кепілзат затын толық көлемде және сақталған күйінде алғанын растайды.

34-1. Қарыз алушы туралы мәліметтер осы Қағиданың 33-тармағында көрсетілген тізбелермен сәйкес келген кезде Шарт бойынша операциялар, оның ішінде кепілзат затын қайтару Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерге тоқтатыла тұрады.

35. Қарыз алушы Шарт бойынша міндеттемелерді бұзған жағдайда Ломбард кепілзат затын Кепілдікті күту кезеңі аяқталғаннан кейін, бірақ микрокредитті өтеу мерзімі өткеннен кейін кемінде бір айдан ерте емес, заңнамада/Шартта көзделген тәртіппен сатуға құқылы. Сату соттан тыс тәртіппен Ломбардтың зергерлік салоны арқылы және (немесе) Ломбард ұйымдастыратын, өткізілетіні туралы Ломбардтың интернет-ресурсында хабарланатын сауда-саттықта сату жолымен жүргізіледі. Қарыз алушының берешегінен артық түскен сома Қарыз алушыға қайтарылады. Берешекті реттеу бойынша Қарыз алушының өтінішін қарау кезеңінде кепілзат затын сатуға жол берілмейді.

5. ЖТСМ ЕСЕПТЕУ ҚАҒИДАЛАРЫ ЖӘНЕ МИКРОКРЕДИТТІ ӨТЕУ ӘДІСТЕРІ

36. Ломбард Микрокредит шартында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (бұдан әрі – «ЖТСМ») көрсетеді.

37. ЖТСМ есептеу жүзеге асырылады: Микрокредит шартын, оған қосымша келісімдерді жасау күніне; Қарыз алушының ауызша немесе жазбаша талабы бойынша; Шартқа ақшалай міндеттемелердің өзгеруіне әкеп соғатын өзгерістер енгізілген жағдайда.

38. Анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі (нақты құндағы) сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) АРРФР Басқармасының 03.04.2026 ж. № 44 қаулысымен (тіркеу № 38333) бекітілген Қарыздар мен салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеуде (нақты құнда) есептеу қағидаларының (бұдан әрі — ЖТСМ есептеу қағидалары) 11-тармағында белгіленген формула бойынша есептеледі:

D − k + Σ Sj / (1+APR)^(tj/365) = Σ Pi / (1+APR)^(ti/365)

(j бойынша 1-ден n-ге дейін, i бойынша 1-ден m-ге дейін)

мұнда: D — бірінші микрокредиттің сомасы; k — бірінші микрокредитті алған күнгі Қарыз алушының микрокредит алуға байланысты Ломбардқа төлемдерінің жалпы сомасы (оның ішінде беру кезінде ұсталатын сыйақы (алдын ала төлем)); Sj — бірінші микрокредиттен кейінгі Қарыз алушыға j-ші төлемнің сомасы, кезекті микрокредиттерді қоса алғанда; Pi — бірінші микрокредитті алғаннан кейінгі Қарыз алушының i-ші төлемінің сомасы; tj, ti — бірінші микрокредит берілген күннен тиісті төлемге дейінгі күндер саны; APR — жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі; n, m — соңғы төлемдердің реттік нөмірлері.

39. ЖТСМ мәні ЖТСМ есептеу қағидаларының 22-тармағына сәйкес дәйекті жуықтау әдісімен айқындалады және ЖТСМ есептеу қағидаларының 23-тармағына сәйкес жүздік үлеске дейін дөңгелектенеді. ЖТСМ есептеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының өзге де қолданыстағы нормативтік құқықтық актілері Ломбард микрокредиттеріне қолданылуға жататын бөлігінде қолданылады.

40. ЖТСМ есебіне негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша Шарт талаптарын сақтамауға байланысты төлемдерді (өсімақыны, айыппұлды) қоспағанда, Қарыз алушының барлық төлемдері енгізіледі.

41. Қарыз алушылардың Ломбардқа жүргізген төлемдері олардың нақты төлемдері күніне, ал болашақ — төлемдер кестесі бойынша ескеріледі.

42. Ломбардтағы микрокредитті өтеу әдісі — бір жолғы төлеммен немесе Қарыз алушының қалауы бойынша ішінара (бөліп-бөліп).

6. МИКРОКРЕДИТТІ РЕСІМДЕУ. КЕПІЛЗАТ БИЛЕТТЕРІНІҢ ТІЗІЛІМІ ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТТАР

43. Микрокредит Өтініш берушінің Ломбард филиалының үй-жайында жеке қатысуымен беріледі. Өтініш берушіні сәйкестендіруді Ломбард қызметкері жеке басын куәландыратын құжат бойынша жүргізеді; талаптармен танысу, құжаттарға қол қою, кепілзат затын беру және ақша беру филиалдың үй-жайында жүзеге асырылады.

44. Микрокредит берілген кезде мыналар ресімделеді:

1) Микрокредит беру туралы шарт және кепілдік билеті (бұдан әрі осы бөлімде — Шарт) қосымшаларымен: № 1 — кепілдік билеті, № 2 — негізгі ақпараттық құжат (КИД) — электрондық нысанда, бірдей күші бар орыс және қазақ тілдерінде;

2) кепілдік билеттерінің тізілімі (бұдан әрі — Тізілім) — қағаз жеткізгіште екі данада;

3) бақылау-касса машинасының бақылау чегі бар шығыс кассалық ордері.

45. Әрбір кепілдік билетіне жеке Тізілім және жеке кіру коды ресімделеді. Беру сомасы бірнеше кепілдік билетімен ресімделген жағдайда құжаттар олардың әрқайсысы бойынша бөлек ресімделеді.

46. Тізілімде: Қарыз алушы туралы мәліметтер; кепілзат затының сипаттамасы, сынамасы, салмағы және бағасы; микрокредит сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, микрокредит мерзімі үшін сыйақы сомасы, ЖТСМ, тұрақсыздық айыбының мөлшері; берілген күні, өтеу мерзімі, Кепілдікті күту кезеңі және кепілзат затын сатуға одан ерте жол берілмейтін күн; ұзарту талаптары және өтеу кезектілігі; Қарыз алушының келісімдері мен растаулары; Қарыз алушының микрокредит беру туралы өтініші; «Менің шартым» бөлімінің мекенжайы, QR-код, логин және кіру коды көрсетіледі.

47. Тізілімге Қарыз алушы мен Ломбардтың уәкілетті қызметкері өз қолымен қол қояды және ол Ломбардтың мөрімен бекітіледі; бір данасы Қарыз алушыға беріледі, екіншісі Ломбардта сақталады. Тізілімге қол қоя отырып, Қарыз алушы: 1) микрокредит беру туралы өтініш береді; 2) Шарт жасалғанға дейін КИД-ті алғанын және онымен танысқанын растайды; 3) электрондық нысандағы Шарттың талаптарына қосылады және оларды қабылдайды (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабы); 4) осы Қағидамен танысқанын және онымен келісетінін растайды; 5) Тізілімде көрсетілген келісімдерді береді.

48. Тізілімге қол қойғанға дейін Ломбард қызметкері Өтініш берушіге КИД-ті және Шарттың мәтінін оның жеке талаптарымен — жұмыс орнының экранында не QR-код арқылы «Менің шартым» бөлімінде, ал Өтініш берушінің қалауы бойынша қағаз жеткізгіште танысу үшін ұсынады. Өтініш беруші құжаттармен танысуға қажетті уақыт ішінде олармен танысуға және түсіндірме алуға құқылы.

49. «Менің шартым» бөлімі Ломбардтың интернет-ресурсында орналастырылған: www.expresscredit.kz/kk/dogovor (орыс тілінде — www.expresscredit.kz/dogovor). Бөлімге Қарыз алушының ЖСН-і және Тізілімде көрсетілген кіру коды бойынша кіреді. Бөлімде Қарыз алушының әрбір кепілдік билеті бойынша Шарт, кепілдік билеті, КИД және Шартқа қосымша келісімдер орыс және қазақ тілдерінде, сондай-ақ онлайн төлемдер бойынша электрондық чектер қарау, басып шығару және сақтау үшін қолжетімді. Қолжетімділік Шарттың қолданылу мерзімі ішінде, ал ол орындалғаннан кейін — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттарды сақтау мерзімі ішінде сақталады.

50. Құжаттар микрокредит берілген күні бекітілген талаптар негізінде қалыптастырылады. Тарифтердің, осы Қағиданың немесе құжат нысандарының кейінгі өзгерістері Қарыз алушының жағдайын жақсартатын өзгерістерді қоспағанда, жасалған Шарттың талаптарын өзгертпейді (осы Қағиданың 15-тармағы).

51. Кіру коды құпия болып табылады. Ломбард «Менің шартым» бөліміне кіру журналын (күні, уақыты, құжат, желілік мекенжай) жүргізеді және деректер бірнеше рет қате енгізілген кезде қолжетімділікті уақытша шектейді. Тізілімнің данасы немесе кіру коды жоғалған кезде Ломбард Қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжатпен жүгінуі бойынша жаңа кіру кодын (бұл ретте бұрынғы код әрекетін тоқтатады) және Тізілімнің көшірмесін өтеусіз береді.

52. Қарыз алушының талап етуі бойынша Ломбард Шартты, кепілдік билетін, КИД-ті және Шартқа қосымша келісімдерді қағаз жеткізгіште өтеусіз береді.

53. Филиалдағы Шарт бойынша операциялар (өтеу, ішінара өтеу, мерзімді ұзарта отырып сыйақы төлеу) кассалық ордермен және бақылау-касса машинасының бақылау чегімен, онлайн төлем — электрондық чекпен (осы Қағиданың 19-2-тармағы) расталады. Шартқа қосымша келісімдер, «Менің шартым» бөліміне кіру журналы және онлайн төлемдер туралы мәліметтер Шарт орындалғаннан кейін кемінде 5 жыл сақталады. Электрондық құжаттар мен берілген микрокредиттер туралы мәліметтер Ломбардтың ақпараттық жүйесінде дербес деректер туралы заңнаманың және Қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ең төмен талаптардың (АРРФР Басқармасының 20.04.2026 ж. № 81 қаулысы) сақталуымен сақталады.

6-1. МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРҒА ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ЖҮРІП-ТҰРУЫ ШЕКТЕУЛІ ТОПТАРЫНА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ТӘРТІБІ

60-1. Ломбард мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына олардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, өзге клиенттермен тең жағдайда қызмет алуын қамтамасыз етеді, оның ішінде қызмет көрсету орындарына кедергісіз кіруді және кезектен тыс қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Мүгедектігі себебінен қызмет көрсетуден бас тартуға жол берілмейді.

60-2. Ломбард қызметкері клиенттің өтініші бойынша осы Қағидамен, микрокредит шарттарымен және қол қойылатын құжаттардың мәтінімен танысуға жәрдем көрсетеді, оның ішінде оларды дауыстап оқып береді, мазмұнын түсіндіреді, құжаттарды толтыруға көмектеседі.

60-3. Мүгедектігі бар адам ертіп жүруші адамның не өкілдің көмегін пайдалануға құқылы. Клиент дене кемістігіне байланысты құжаттарға өз қолымен қол қоя алмаса, қол қою ҚР азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

60-4. Микрокредит беру шарттары және Ломбардтың байланыс деректері туралы ақпарат клиентке қолжетімді нысанда, оның ішінде ауызша және Ломбардтың интернет-ресурсында көрсетілген телефон арқылы беріледі.

7. АҚПАРАТТЫ АШУ

61. Ломбард АРРФР Талаптарына сәйкес, оның ішінде интернет-ресурсында және клиенттерге қызмет көрсету аймақтарында мынадай ақпаратты ашуды қамтамасыз етеді:

1) осы Микрокредит беру қағидасын;

2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия туралы ақпаратты (№ 02.21.0050.L);

3) ұсынылатын қаржы өнімдері мен қызметтерінің толық тізбесін, олар арналған клиенттердің нысаналы топтарын көрсете отырып;

4) микрокредиттердің шарттары мен құны туралы, оның ішінде сыйақы мөлшерлемелері мен ЖТСМ туралы ақпаратты;

5) өтініштерді, оның ішінде берешекті реттеу жөніндегі өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімдері туралы ақпаратты, сондай-ақ шағым нысанын және Шарт талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтініш нысанын;

6) микроқаржылық омбудсманға және АРРФР-ға жүгіну құқығы туралы ақпаратты, олардың байланыс деректерін көрсете отырып;

7) Ломбардтың байланыс деректерін;

8) сыйақы мөлшерлемелері мен тарифтерді, олардың бекітілген және өзгертілген күндерін, ішкі құжаттардың нөмірлерін және оларды бекіткен органды көрсете отырып;

9) уәкілетті агенттердің тізілімін не олардың жоқ екені туралы ақпаратты;

10) төлемдер мөлшерін, төлемдердің жалпы сомасын және ЖТСМ қорытынды мәнін айқындауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған есептеу құралдарын (калькуляторларды), есептеу нәтижелерінің анықтамалық сипаты туралы нұсқаумен;

11) Микрокредит шартының, кепілдік билетінің және КИД-тің орыс және қазақ тілдеріндегі үлгілерін, сондай-ақ Қарыз алушылардың өз микрокредиттері бойынша құжаттарға қол жеткізуіне арналған «Менің шартым» бөлімін;

12) ақшаны қайтару тәртібін қоса алғанда, онлайн төлеудің тәртібі мен талаптарын (www.expresscredit.kz/kk/oplata).

7-1. КЛИЕНТТЕРДІҢ ӨТІНІШТЕРІН ҚАРАУ ТӘРТІБІ

61-1. Клиенттердің жолданымдары ауызша нысанда (оның ішінде телефон арқылы) және жазбаша нысанда — қызмет көрсету орындарында, пошта, электрондық пошта арқылы, сондай-ақ жолданым беру сервисі болған жағдайда Ломбардтың интернет-ресурсы немесе мобильді қосымшасы арқылы қабылданады. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Жазбаша жолданым келіп түскен күні тіркеу нөмірі беріле отырып тіркеледі, нөмір клиентке хабарланады. Жазбаша жолданымды қабылдау оның көшірмесіндегі белгімен немесе талонмен, ал интернет-ресурс не мобильді қосымша арқылы берілген кезде қабылдау күні мен тіркеу нөмірі көрсетілген хабарламамен расталады. Нақты уақыт режиміндегі хабар алмасу жүйелеріндегі және Ломбардтың абоненттік нөмірлеріне келіп түскен хабарлар ақпараттық сұрау салулар ретінде қаралады; клиентке жолданым беру тәртібі түсіндіріледі.

61-2. Телефон арқылы өтініштер міндетті түрде тіркелуге, ал телефон сөйлесулері — аудиожазба құралдарымен жазылуға жатады, бұл туралы клиент сөйлесудің басында хабардар етіледі.

61-2-1. Ауызша жолданымдар жүгінген кезде қаралады. Егер ауызша жолданымды жүгінген кезде шешу мүмкін болмаса, клиентке жазбаша жолданым беру тәртібі және оны қарау мерзімдері түсіндіріледі.

61-3. Өтініш, егер ҚР заңнамасында өзге мерзім белгіленбесе, тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қаралады. Ұсынылған мәліметтер жеткіліксіз болған кезде Ломбард клиенттен жетіспейтін мәліметтер мен құжаттарды сұратуға құқылы. Қосымша ақпарат алу қажет болған кезде қарау мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін; ұзарту және оның себептері туралы клиент ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі. Берешекті реттеу мәселелері бойынша өтініштер осы Қағиданың 2-1-бөлімінде белгіленген мерзімдерде қаралады.

61-4. Жазбаша жауап жолданым ұсынылған тілде беріледі және әрбір мәселе бойынша негізделген және уәжделген дәлелдерді, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына, Ломбардтың ішкі құжаттарына және Шарт талаптарына сілтемелерді, белгіленген нақты мән-жайлардың сипаттамасын және қабылданған шешімге шағымдану құқығын түсіндіруді қамтиды. Жауапқа Ломбардтың уәкілетті адамы қол қояды, бұған АРРФР Талаптарына сәйкес жауапқа қол қою талап етілмейтін жағдайлар кірмейді.

61-4-1. Жауап Шартта көзделген тәсілмен беріледі және: Шартта немесе жолданымда көрсетілген мекенжай бойынша тапсырыс хатпен; Шартта немесе жолданымда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына; жауап мәтінімен не толық мәтіні бар интернет-ресурсқа сілтемемен SMS-хабарлама немесе push-хабарлама арқылы; жауапты алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін Шартта көзделген өзге байланыс құралымен жіберілген жағдайда жеткізілген болып есептеледі. Клиент жеке келген кезде жауап өзіне немесе оның уәкілетті өкіліне қол қойғыза отырып беріледі. Жауап оны тапсырудың мүмкін еместігі немесе клиенттің қабылдаудан бас тартуы туралы белгімен қайтарылған жағдайда тиісті түрде берілген болып есептеледі.

61-5. Ломбард барлық жазбаша жолданымдарды тіркеуді, жіктеуді және ақпаратты кемінде 5 (бес) жыл сақтауды қамтамасыз ететін келіп түскен жолданымдар жіктеуішін жүргізеді. Негізгі ақпарат жолданымның тіркеу нөмірі мен күнін; клиенттің (оның өкілінің) ЖСН немесе БСН және олар көрсетілген жағдайда байланыс деректерін; олар көрсетілген жағдайда демографиялық деректерді; келіп түсу арнасын; кредиттік өнім түрін; сұрақ жіктеуішін; жолданымның мәні мен сипаттамасын; жауапты қызметкерлер туралы мәліметтерді; қабылданған шешімді қамтиды.

61-5-1. Жолданымдарды талдау Ломбардтың жауапты лауазымды тұлғасына жүктеледі және олардың туындау себептерін анықтауды, ұсынымдар әзірлеуді, басшылыққа түзету және алдын алу шаралары туралы ұсыныстар енгізуді, жолданымдар саны мен жіктелуі, мерзімдердің сақталуы, клиенттердің қанағаттануы, жүйелік проблемалар мен қабылданған шаралар туралы басқарушылық есептілікті дайындауды қамтиды.

61-6. Ломбардтың уәкілетті адамдары Ломбард басшысы не тиісті филиал басшысы бекіткен кесте бойынша клиенттерді айына кемінде бір рет жеке қабылдайды. Жеке қабылдау филиалдарда да өткізіледі; қабылдау кестесі қызмет көрсету орындарында және Ломбардтың интернет-ресурсында орналастырылады.

8. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

62. Осы Қағидаға өзгерістер мен толықтырулар Ломбардтың жалғыз қатысушысының шешімімен бекітіледі. Қағиданың жаңа редакциясы ол қолданысқа енгізілгеннен кейін жасалған шарттарға қолданылады; бұрын жасалған шарттарға өзгерістер тек Қарыз алушының жағдайын жақсартатын бөлігінде ғана қолданылады. Қағиданың осы редакциясы Ломбардтың интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

62-1. Микрокредит беру туралы шарттар Қарыз алушының Ломбард директорының бұйрығымен бекітілетін және Ломбардтың интернет-ресурсында орналастырылатын Микрокредит беру туралы шарттың Стандартты талаптарына (Қосылу шартына) қосылуы арқылы жасалады. Әрбір Шартқа Стандартты талаптар мен осы Қағида Қарыз алушының жағдайын жақсартатын өзгерістерді ескере отырып, Шарт жасалған күні қолданыста болған редакцияда қолданылады; мерзімді ұзарту талаптары қосымша келісіммен айқындалады (осы Қағиданың 19-тармағы). Стандартты талаптар мен Қағиданың бұрынғы редакциялары олар бойынша жасалған шарттар толық орындалғанға дейін Ломбардта сақталады және Қарыз алушының сұрауы бойынша оған кез келген филиалда өтеусіз беріледі немесе оның электрондық поштасына жіберіледі.

62-2. Қағиданың осы редакциясы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған Шарттар бойынша: 1) микрокредитті толық өтеу Ломбардтың кез келген филиалында қабылданады; кепілзат заты кепілдік билетін ресімдеген филиалда қайтарылады не Қарыз алушының өтініші бойынша Ломбард оны ақы алмай, Қарыз алушы көрсеткен филиалға жеткізеді; 2) мерзімді ұзарту, оның ішінде онлайн (осы Қағиданың 19-1-тармағы), егер олар Қарыз алушының жағдайын Шартпен салыстырғанда нашарлатпаса, осы Қағиданың 19-тармағының талаптарымен Тараптардың келісімі бойынша жүргізіледі; ұзарту күніне есептелген сыйақы мен тұрақсыздық айыбы ұзарту кезінде төленеді.

63. Осы Қағидамен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.

Басты бет Филиалдар Біз туралы
Қосымша беттер
  • Микрокредиттер беру қағидалары
  • Микрокредиттер бойынша тарифтер
  • «ЛОМБАРД EXPRESS CREDIT» ЖШС лицензиясы
  • Өтініштер және берешекті реттеу
  • Қосылу туралы жария шарт
  • Шарттың, кепілдік билетінің және КИД-тің үлгілері
  • Талап етілмеген бұйымдарды сату: сауда-саттық және салон
  • Дербес деректер саясаты
  • Онлайн төлем және төлемдерді қайтару
  • Қаржылық сауаттылық: сұрақтар мен жауаптар

info@expresscredit.kz

VISA

«ЛОМБАРД EXPRESS CREDIT» ЖШС — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берген 26.03.2021 жылғы № 02.21.0050.L лицензиясы.

© Express Credit 2022–2026. Барлық құқықтар қорғалған.